Ресейдің Ижевск қаласында ер адам мектепте оқ атып, оқушылар қаза тапты

Ресейдің Ижевск қаласындағы №88 мектепте белгісіз ер адам мектепке басып кіріп оқ атып, кемі 13 адам қаза тапты, олардың жетеуі – оқушы, екеуі – күзетші, екеуі – мұғалім. Тағы 20 адам зардап шеккен. Бұл туралы Удмуртия ішкі істер министрлігі хабарлады. Удмуртия басшысы Александр Бречаловтың сөзінше, мектепке басып кірген ер адам өз-өзін атып тастаған. Оның не үшін мектепке басып кіргені әзірге белгісіз. Телеграм-каналдар ер адам алдымен күзетшіні өлтіріп, кейін сыныпқа кіріп, балаларды ата бастады дейді. Мектептің сайтындағы мәлімет бойынша, мұнда 982 оқушы оқиды және 80 мұғалім жұмыс істейді. Желіде тараған видеолардан мектеп маңында полиция, жедел жәрдем көліктері мен формадағы адамдар байқалады. Видеолардан мектептен оқушылар шығарылып жатқаны, да көрінеді.