Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында тұрғындарға үндеу жасап, Қазақстанда коронавирустың жаңа штамдарының таралу қаупі жоғары екендігін ескертті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы. Министр өз жазбасында күз бен көктемде жіті респираторлық вирустық инфекция асқынатынын еске салды. Қыркүйек пен қаңтар аралығында елімізде таралған COVID-19-ды геномдық зерттеу нәтижесі бойынша коронавирустың (“британиялық”, “Оңтүстік Африка”, “бразилиялық”) жаңа штамы анықталған жоқ. Алайда халықаралық әуе қатынасы қайта ашылғанын, шетелге шығатын ел азаматтары, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден келгендердің қатары көбейгенін ескерген жөн. Яғни коронавирус инфекциясының жаңа штамдарын тасу қаупі де артады деген сөз”, – дейді Алексей Цой. Министрдің айтуынша, халық жаппай коронавирусқа қарсы профилактика үшін екпе салдырса, ұжымдық иммунитет қалыптасады және инфекцияның таралуын тоқтатуға мүмкіндік туады.