Ол үшін арнайы операция жүргізілді. Қылмыстық топ өндірістік ауқымда синтетикалық есірткі шығару үшін елге прекурсорлар жеткізіп отырған. Бұл туралы ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті хабарлады. Нәтижесінде контрабандаға қатысқан үш шетелдік азамат елден тыс жерлерде ұсталды. Алматыда осы іс бойынша қалған фигуранттар – көршілес елдердің екі азаматы және қазақстандық ұсталды. Олардан әртүрлі салмақта мефедрон, шетелдік полиция қызметкерінің жалған куәлігі, зип-пакеттер, электронды таразылар, Калашников автоматының 7,62 мм калибрлі патрондары тәркіленді. Қоймаларды тінту барысында синтетикалық есірткілерді дайындауға арналған арнайы зертханалық жабдық анықталды. Тәркіленген прекурсорлардың жалпы көлемі – 72,7 тонна. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.