Қазақстандықтар 31 желтоқсанда неге демалмайды?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтар 31 желтоқсанда неге демалмайтынын түсіндірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Министрлік “Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы” заңға сәйкес мереке күндері қазақстандықтар жұмыс істемейтінін атап өтті.

“31 желтоқсан Қазақстанда мереке күніне жатпайды. Еңбек кодексінің 85-бабының 3-тармағына сәйкес Үкімет жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында мереке күндерін басқа жұмыс күніне ауыстыруға құқы бар.

Үкіметтің 2019 жылғы 1 қарашадағы “2020 жылы демалыс күндерін ауыстыру туралы” қаулысына сәйкес жұмыс күні болып саналатын 31 желтоқсан демалыс күніне ауыстырылған жоқ”, – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Айта кетейік, қазақстандықтар Жаңа жылда 1-4 қаңтар аралығында демалады.

2021 жылдың 1-2 қаңтары ресми демалыс күндері болып саналады. Себебі, 2 қаңтар сенбі болғандықтан демалыс төртінші күнге, яғни дүйсенбіге ауыстырылады.

Бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар 1, 2, 3, 4 қаңтарда, ал алты күндік жұмыс аптасында – 1, 2, 3 қаңтар аралығында демалады.

Сонымен қатар, 7 қаңтар да мерекелік демалыс болып саналады. Бұл күні қазақстандықтар Рождествоны атап өтеді.