Қаржылық мониторинг агенттігі “TikTok” желісінде тараған құмар ойындарға қатысты ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Осы уақытқа дейін онлайн ойын ұйымдастыратын 100-ден астам аккаунт анықталды. “Негізінен бұл карта ойыны, сүйек лақтыру және онлайн рулетка. Барлық жерде принцип бірдей. Бәс тігуге шақырады. Оның төрттен бірі ұйымдастырушыда қалады, қалғанын жеңімпаз алады. Бәс тігулерді қабылдау және ұтыстарды беру банктік онлайн аударымдар арқылы жүзеге асырылады”, – дейді агенттік мамандары. “TikTok” желісінде құмар ойын ұйымдастырған Алматы қаласының екі тұрғыны 4 айда 13 млн теңгеге жуық заңсыз табыс тапқан. Олар 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Агенттік өкілдері қырағы болып, осындай құмар ойындарға араласпауды сұрады. Себебі бұл заңға қайшы. Сондай-ақ, ата-аналар баласының мінез-құлқына, оның көретін контентіне және оның онлайн саудасына назар аударуы қажет.