БҒМ Жамбылда эвакуацияланған балаларды оқу-сауықтыру орталығына жіберуді ұсынды. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Жамбыл облысындағы жарылыстан балалардың зардап шекпегенін айтты. Аймақтағы төтенше жағдайдан кейін жақын маңдағы елді-мекендерден Тараз қаласына, Байзақ ауданының Сарыкемер және Кеңес ауылдарына 83 бала эвакуацияланды. Оқиға орнында балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Е.Н. Иманғалиев, білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаментінің өкілдері де жұмыс істеп жатыр. «Эвакуацияланған балаларға қажетті жағдайлар жасалды, олар ыстық тамақпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Ұйықтайтын орындар карантин талаптарын ескере отырып жабдықталды.Эвакуацияланған балаларға қолдау көрсету үшін БҒМ ата-аналарға балаларын «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жіберуді ұсынды. Орталықта барлық жағдай жасалған. Мұндай тәжірибе бұрын-соңды орын алған төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылған» делінген хабарламада. Айта кетейік, балаларға жедел көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін министрлік шұғыл түрде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желілердің жұмысын ұйымдастырды.