Бас прокуратура үндеу жасады

6 маусымынан бастап “Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” жаңа Заң қолданысқа енгізіледі. Жиналыстарды, митингілерді, пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін Заңмен хабарлама жасау тәртібі қарастырылған деді бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев.

Ұйымдастырушы оларды өткізу күніне дейін бес жұмыс күн бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама береді. Жауаптылар оны үш жұмыс күн ішінде қарауға тиіс.

Белгіленген мерзім ішінде жауап берілмесе, ұйымдастырушы бейбіт жиналысты өткізеді. Демонстрациялар мен шерулер үшін келісім тәртібі белгіленген. Өтініштер өткізілетін күнге дейін он жұмыс күн бұрын беріледі, ол бойынша жергілікті атқарушы орган жеті жұмыс күн ішінде жауап беруге міндетті. Осы уақыт ішінде ұйымдастырушы мен жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды қауіпсіз өткізу, оларға қатысушылардың денсаулығын сақтау үшін жағдайлар жасайды.

Бейбіт жиналыстар арнайы орындарда өткізілуі тиіс деп хабарлайды Tengrinews.kz. Жаңадан белгіленген тәртіпті бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тіпті 15 тәулікке қамауға алынуы мүмкін делінген үндеуде.

Денсаулық сақтау министрлігі 4 маусымда үндеу таратып, онда карантин кезеңінде елде бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде митингілерді өткізуге тыйым салынғанын айтты. Оны сақтамағандар үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделген.