Қазақстанда 5 маусымнан бастап қалааралық автобус тасымалы іске қосылды

Елордадағы “Сапаржай” автовокзалында алғашқы кезеңде 120 маршруттың 34-і жүреді. Олар – Алматы, Шымкент, Қызылорда, Семей, Өскемен, Петропавл, Көкшетау, Ақмола облысына баратын рейстер.

Қалған маршруттардың қашан іске қосылатыны тасымалдаушыларға байланысты деді қызмет көрсетуші серіктестіктің бөлім басшысы Жұмаш Әбдірахманов. Әзірге онлайн түрде 60-70 билет сатылған деп хабарлайды Sputnik порталы.

Жолаушылар автобусқа тек маскамен кіруге міндетті. Көлік ең соңғы аялдамада дезинфекциядан өтуі қажет. Бірақ 5 маусымда Семейден автобустар шықпайды. Ол жақта блокбекеттер 6 маусымда алынады. Бірақ елордадан Семейге рейс жіберіле береді.

Өйткені автобус қалаға 6 маусымда бір-ақ жетеді. Шығыс Қазақстанда карантин режимі 13 маусымға дейін созылады. Десе де онда 6 маусымнан бастап шаралар жеңілдетіледі.