ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қалай өтетінін түсіндіріп берді. «Мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Биылғы жылы тестілеу алғаш рет электрондық форматта өтеді. Компьютерлік ҰБТ-ға өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz/ сайты арқылы беруге болады», – деді вице-министр ОКҚ брифингінде. Тіркеу онлайн режимде жүргізіледі, ешқандай құжат пен фотосуреттер талап етілмейді. Абитуриент сайтқа кіріп, кез келген тестілеу пунктін, ҰБТ тапсыру күні мен өзіне ыңғайлы уақытты таңдай алады.