Қазақстан 1 тамызда белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияны қайта нөлден бастап есептейді, оған бұған дейін тіркелген жағдайлар қосылмайды. 22 шілдеде мемлекеттік “Хабар” телеарнасына берген сұхбатында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған қоса белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония статистикада бөлек көрсетіледі.
“Ресми тест нәтижесі бойынша анықталған коронавирус есебін көрсетеміз. Бұған қоса, белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияны жеке көрсетеміз” деді министр.
Оның айтуынша, қаңтар мен шілде айы аралығында 234 мың 187 адам пневмонияға шалдыққан. Бұл есепке пневмонияның барлық түрлері: вирустық, бактериалдық, зең ауруы және “коронавирус белгілеріне ұқсас” түрі енгізілген. Министр олардың қаншасына коронавирус себеп болғаны анықталмағандықтан оларды қайта есептеу қажеттігін меңзеген.