ІІМ мәліметінше, қысқы кезеңде жолдардағы көлік қозғалысы ерекше назар аударуды талап етеді. Өйткені қысқы уақыттың өз ережелері мен талаптары бар. Заңнамаға сәйкес қысқы кезеңде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы дөңгелектермен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Себебі қыс мезгілінде жазғы дөңгелектердің сапасы күрт нашарлайды. Мәселен, жол төсемдерінің беткі қабаты мұз болған кезде немесе қар түскенде дөңгелектердің сырғып кету ықтималдығы артады. Салдарынан жол апаты болуы әбден мүмкін. Сондықтан көлік жүргізушілеріне дөңгелектерді қысқы түріне ауыстыру жөнінде талап қойылады. Одан бөлек, полицейлер жүргізушілерге қолайсыз ауа райында, қар жауған кезде, қауіпті жағдайлар туындағанда жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін жылдамдықты барынша төмендету қажеттігін ескертеді.