Қазақстанда сәуір айына дейін жетерлік пияздың 150 мың тоннасы бар. Баға өсімін болдырмас үшін Үкімет бүгінде пияз экспортына тыйым салып отыр. Бұл жөнінде сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Құзырлы ведомство басшысы атап өткендей, пияз өсірілетін Өзбекстан, Пәкістан мен Ресейде күн суытып, ызғар түскендіктен өнім аз шыққан. Сондықтан ол жақта көкөністің бұл түріне сұраныс жоғарылаған. Мәселен, Мәскеудегі пияз бағасы 500, Өзбекстанда 350 теңгеге жетіп отыр. Сондай-ақ, Серік Жұманғарин биыл ішкі нарықта қант тапшылығы болмайтынын атап өтті. Президенттің тапсырмасымен ведомствоаралық комиссия тиісті шара қабылдап, өңірлерге шекерді жеткізу мәселесін жолға қойған.