Индонезияда апатқа ұшыраған ұшақ теңізге құлаған соң жарылған. Лайнер көкке көтерілген соң, ауаның қатты ағымына тап болған. Елдің метерология және климат жөніндегі агенттігінің басшысы Дэни Сэптиади осылай деп мәлімдеді. Қазір апат аймағында іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ұшақтың алғашқы қаңқалары Джакарта портына жеткізілді. Оның ішінде әуе көлігінің қозғалтқышы, биіктікті өлшейтін радар, апатты жағдайға арналған парашют бар. Апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары күні-түні жүргізіліп жатыр. Енді құтқарушылар теңіз түбінен марқұмдардың денесі мен ұшақтың қаңқаларын шығаруға кіріседі. Лайнердің қара жәшіктерін шығарумен айналысады. Олардың орны анықталған. Еске сала кетейік, өткен сенбі күні Джакартадан Понтианакқа ұшып шыққан Boeing 737 жолаушылар ұшағы көкке көтерілген соң 4 минуттан кейін радардан жоғалып кеткен еді.