Түркі әлемінің астанасында биыл ғана бой көтерген жаңа туристік кешеннің қабырғалары сыр бере бастады. Қабырғалардың іші кірпіштен емес, пенопласттан жасалған болып шықты. Бұл туралы Шыңғыс Лепсібаев есімді фейсбук қолданушысы жазды. «Түркістанның басты көрікті жері саналатын «Керуен сарайы» сапалы материалдан емес, жай ғана пенопласт пен сылақтан салынған. Менің ойымша, аймақ басшылығы мен барлық мердігерлер 10 жылға елден шықпау туралы қолхат беруі керек. Өйткені жаңбыр мен қыстың қарынан кейін мұндай көрікті жердің қирап қалатыны сөзсіз. Иә, әлі бірнеше жыл тамашалауға мүмкіндік бар», – деп жазды автор. Ал «Керуен сарай» туристік кешенінің баспасөз қызметі құрылыс жұмыстарында стандартқа сай материалдар қолданылғанын айтты. «Кешенінің құрылыс жобасы мемлекеттік сараптамадан мақұлданған, барлық ғимарат арматуралық бағана мен газоблоктан тұрғызылған, сыртқы бөлігі қосымша жылыту және безендіру үшін ең жаңа технологиялар пайдаланылған» – делінген хабарламада. Кешеннің қираған тұстары жөнделіп жатқаны белгілі болды. Бірақ қабырғалардың неден жарылғандығы айтылған жоқ.