Коронавирусқа қатысты Қазақстанда вакцинациялау келер жылы басталады. Ерікті түрде жаппай вакцина егудің алғашқы кезеңінде тұрғындардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдардың қызметкерлері қамтылады. Бұл туралы үкімет басшысы баяндады. Асқар Мамин президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысы туралы айтты. Отандық вакцинаның клиникалық сынақтарының 1 және 2-кезеңдері 29 қарашада аяқталды. Асқар Маминнің айтуынша, вакцинаның жоғары тиімділігі тіркеліп, кері әсері анықталмаған. Ал 25 желтоқсаннан бастап клиникалық сынақтардың 3-кезеңінде аталған вакцина 3 мың еріктіге егіледі. Сынақтар толығымен келер жылы наурыздың соңына қарай аяқталады. Ал жыл соңына дейін 2 миллион мөлшерде отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылмақ.