Құдалыққа жиылған әулет тойдың ертесіне суға түсуге дарияға барған. 20 адамның 11-і суға батып кеткен. Оның тең жартысы кәмелетке толмаған балалар. Демалып жатқан кезде балалардың бірі суға тұншығып, оны құтқаруға ересектер ұмтылғанда, қалған балақайлар суға артынан секіре бастаған. “Бір үйден бесеуі кетті, анасымен қосқанда. Бір үйден үшеу кетті. Бәрі бір атаның балалары”,- дейді отырар ауданының тұрғындары. Суға кетіп жатқандардың шырылдаған дауысын жақын маңда балық аулап отырғандар мен іргедегі жолмен кетіп бара жатқандар естіп, көмекке келіпті. Әйтпесе суға 20 адамның бәрі түгел кетуі де мүмкін еді. Бүгін суға кеткен 10-шы адамның денесі табылды. Енді тағы бір кәмелетке толмаған жасөспірім іздестіріліп жатыр. Судан аман қалған 49 жастағы әйел мен 9 және 8 жасар балақай Отырар ауданының ауруханасында емделіп жатыр. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дегенмен, қатты стресс алғанын айтады. Ал суға батып кеткен бір әулеттегі тоғыз адамның денесі Ызакөл ауылының зиратына жерленді.