Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24». Құжатқа сәйкес оқу жылының екінші тоқсанынан бастап оқушы саны 300-ден аспайтын мектептерде 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін дәстүрлі оқуға рұқсат берілді. Алайда әр сыныпта 15 оқушы ғана болуы тиіс. Сондай-ақ бүгіннен бастап барлық діни орында ұжымдық ғибадат жасауға болады. Бірақ адам саны залдағы барлық орынның 30 процентінен аспаған жағдайда ғана. Ал мешіттерде жұма намаз оқуға әлі де рұқсат жоқ. Қоғамдық тамақтану орындары мен сауда ойын-сауық орталықтарының жұмыс уақыты кешкі 22:00-ге дейін қысқарады. Сондай-ақ қаладағы театрлар санитарлық талаптарды сақтай отырып, өз жұмыстарын жалғастыра береді. 19 қарашадан 30 қараша аралығында Медеу мұз айдыны және 16 қарашадан 30 қарашаға дейін Шымбұлақ демалыс аймағында тестілік режимде жұмыс істеуге рұқсат етілді.