Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы тұрғынының арыз-шағымына осылай назар аударды. Үкімет мәліметінше, бүгінде өңірдегі су жетіспеушілігі тәулігіне 77 200 текше метрге тең. Қазіргі уақытта “Каспий” су тұшыту зауытындағы істен шыққан сорғы қондырғысының жөнделіп жатқанына байланысты аудандағы су беру мөлшері тәулігіне 13 мыңнан 10 мың текше метрге дейін азайған. Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде су тұшыту зауыттары мен қондырғылардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Халық санының жыл сайын өсуіне байланысты “Каспий” су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 мың текше метрге арттыру қажет. Осы мақсатта Үкімет резервінен 5,6 миллиард теңге бөлу жөнінде шешім қабылданды. Ауыз су тапшылығына байланысты Мұнайлы ауданының халқына суды құбыр арқылы кесте бойынша “Маңғыстау жылу” МКК жеткізетін болады.