Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мемқызметшілердің санын қысқарту жоспары туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Агенттік басшысының айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің саны жыл сайын азайып келеді. Мәселен, 2018 жылы олардың саны 98,7 мың адам болса, бір жылдан кейін 97,4 мыңға дейін азайды. Ал биыл 97 мың адам болды. Енді президенттің тапсырмасы бойынша тағы біраз адамды қысқарту қажет. Бірақ бұл жұмыс мемлекеттік аппараттың қызметіне кері әсерін тигізбеуі тиіс. Сол себепті бірнеше ұсыныс қарастырылып жатыр.
“Біріншіден, оңтайландырылатын қызметтерді анықтағанда алдымен тұрақты бос орындар қарастырылады. Бүгінде осы санаттағы вакансиялардың жалпы саны шамамен 8 мың бірлікті құрайды. Бұдан бөлек, жыл сайын зейнеткерлікке шығуына байланысты тағы мыңнан астам қызмет босап отырады”, – деді Жайылғанова.