Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстаннан активтер заңсыз шығарылғанын және оларды елге қайтару жұмысы жүріп жатқанын айтты. “Россия 24” телеарнасының эфирінде жүргізуші Тоқаевтан заңсыз шығарылған активтер туралы сұрады. “Екінші республиканың мақсаттарының бірі – әділдік. Бір нәрсені тартып алу және бөлу әділдікке жата ма? Әділдік іздеу жолында жаңа әділетсіздік тудыру қаупі жоқ па?” деп сұрады жүргізуші. “Әрине, ондай қауіп бар. Мен сұрағыңыздың астарын түсініп отырмын. Десе де менің тапсырмаммен заңсыз жекелешендірілген активтерді Қазақстанға қайтару бойынша комиссия құрылды. Мұндай активтер Қазақстанға қайтарылады. Бұл жерде ешқандай мәжбүрлеп тартып алу болмайды. Мен тартып алудан және бөлісуден аулақпын. Заңды жұмыс істейтін, заңнамаға сәйкес қызметін жүзеге асыратын орташа компанияларға қатысты ешқандай мәжбүрлеу болмайды”, – деді Тоқаев. Десе де президент кезінде елден активтер заңсыз шығарылғанын мойындады.