Тоқаев: Қаңтар оқиғасы кезінде Ресей Қазақстанды құтқарды деген сөздің ешбір негізі жоқ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының шектеулі контингенті бірде-бір оқ атпағанын мәлімдеді. “Ресейде кейбір адамдар бұл жағдайды бұрмалап, Ресей Қазақстанды “құтқарды”, енді Қазақстан Ресейге мәңгі қызмет етіп, аяғына бас июі керек деп жатыр. Ондай пайымдаулардың ешбір негізі жоқ деп ойлаймын, шындыққа да сәйкес келмейді”, – деді Тоқаев “Россия 24” арнасына берген сұхбатында. Осы орайда мемлекет басшысы Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының белсенді қатысушысы екенін ерекше атап өтті. Бұған дейін ұйым көбінесе саммит өткізу мен құжат рәсімдеумен шектелетін. Ал бұл жолы тиімді қызмет атқара білді, дейді ол. “Сондықтан бұл жағдайды саясатқа айналдырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ойдан бірдеңе шығарып, өсек-аяң таратпаған жөн. Сосын біз шектеулі контингент кіргізгенде олар күштік іс-әрекеттерге қатыспайды деп келістік. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерилері шынымен де бірде-бір оқ атқан жоқ”, – деп атап өтті Тоқаев. Президенттің айтуынша, ҰҚШҰ шектеулі контингентін жіберу арқылы ұйымға мүше мемлекеттер өз бірлігін көрсетті.