Алдағы оқу жылында оқушыларға мектеп формасыз сабаққа баруға рұқсат беріледі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағаметов Фейсбуктағы парақшасында осылай деп хабарлады. Оқушылар сабаққа классикалық үлгідегі киіммен қатыса алады. Министрлік шешімді карантин шаралары мен індет кезінде сауда орындарында ұзын-сонар кезекті қалыптастырмау ниетімен байланыстырады. Бұған қоса, экономикалық жағдайға байланысты форма сатып алу кейбір отбасының бюджетіне салмақ түсіруі мүмкін. “Мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық” деп жазды министр.