Қазақстандықтар мамыр айында зейнеткерлер зейнетақыға 40 мың теңге мөлшерінде үстемеақы алатыны туралы жалған хабарлама таратуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлады stopfake.kz. «Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде мамыр айынан бастап зейнетақыларға 40 мың теңге мөлшерінде жаңадан үстемеақы төленетіні туралы таралып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қолданыстағы заңнамада зейнетақыларға үстемеақы мен қосымша ақы төлеу қарастырылмаған», – деп түсіндірді ведомствода. Министрлік фейк хабарламаларға назар аудармауға және тек ресми дереккөздерден алынған ақпаратқа сенуге шақырады. Сондай-ақ ведомство жалған ақпарат тарату заң бойынша жазаланатынын еске салды.