Ауыз бекіткен адам вакцина салдыруына болады – ҚМДБ

Елімізде салынып жатқан вакциналар адал етіп өндірілген. Сондықтан Ораза кезінде ауыз бекітушілердің екпе ала беруіне болады. Бірақ 60-тан асқан адамдар Ораза ұстаудан бұрын медициналық тексеруден өтуі керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы осылай деді. Бас мүфтидің айтуынша, қызыл аймақтағы мешіттерде бес уақыт намаз тек жекелеген түрде оқылады. 2 метр арақашықтық сақталуы қажет. Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар мен балалар намаздарын үйлерінде оқиды. Тарауық намазы оқылмайды. Құран хатым рәсімдері қашықтан оқылады. Айта кеткен жөн, Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні. 13 мамыр Ораза айттың бірінші күні. Биылғы пітір садақа жан басына 420 теңге болып бекітілді.