Қазақстанның электронды үкіметіне қатысты жобаға жұмсалуы мүмкін 500 млн доллар ресейлік Сберге ғана төленбейді. Қоғамда дау тудырған жоба жөнінде Facebook парақшасында түсініктеме берген цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған қаржының бір бөлігі жергілікті IT-компаниялар мен инфрақұрылымдық шешімдерге жұмсалады. “Бұл қаражатты қазақстандық компаниялар платформалық тәсілді енгізу бойынша жұмыс шеңберінде жұмсайды. Соманың екінші бөлігі – инфрақұрылымдық шешімдерге кетсе, үшінші бөлігі ғана СБЕР-ден шешімнің өзін сатып алуға арналатын болады” деді министр. Мусин сонымен бірге “платформалық модельді енгізуге Қазақстанның IT компаниялары міндетті түрде қатысады” деп мәлімдеді.