Сот Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысына қатысты бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлағаны және пайдаланғаны үшін екі іс қарады. Сот мәліметінше, 2021 жылы қызметтік мал азығын сатып алуға 60 872 100 теңге сомасында қаражат бөлінген. Алайда нормаларды бұзып, полиция департаменті 10 693 000 теңге сомасына 18 бас жылқыға жем беру нормасынан тыс жоспарлаған. 2022 жылы да осылай бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған. Полиция департаментінің бұрынғы бастығының кінәсі түрлі дәлелдемелермен дәлелденеді. Нұрлан Мәсімовке әр іс бойынша 214 410 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сондай-ақ, сот әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасау кезінде іс жүргізу нормаларын бұзғаны үшін “Павлодар облысы бойынша тексеру комиссиясы” ММ атына жеке қаулы шығарды. Еске салайық, 2022 жылғы қаңтарда Нұрлан Мәсімов Павлодар облысының полиция бастығы қызметінен босатылды. Ол департаментті 2019 жылғы қараша айынан бастап басқарды.