Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елдегі мектептің бәрі бейнебақылаумен қамтылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz Бұл туралы Ералы Тоғжанов ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында айтты. «Қазандағы оқиғадан кейін арнайы жиындар ұйымдастырылып, біздегі 6500-ге жуық мектеп, 800-ге жуық денсаулық сақтау нысаны, 500-ге жуық мәдениет нысанындағы қауіпсіздік, нормативтік-құқықтық бағытты күшейтуге қатысты шаралар бекітілген болатын. Былтыр елдегі мектептің бәрі 100 пайыз бейнебақылаумен қамтылған еді, бірақ нақты талдаманың аясында 23 пайызында бұл мәселе қайта қарастыруды қажет ететіні анықталып отыр. Сондықтан, оқу жылы басталғанша оның бәрі қалыпқа келтіріледі», – деді Тоғжанов. Сонымен қатар, Тоғжанов жалпы мектептердің өзіндегі агрессивтік мінез-құлықтарды төмендетуге бағытталған нақты шаралар жүзеге асатынын атап өтті.