Елімізде теміржол вокзалдарына «Аshyq» жүйесі енгізілді

Бүгіннен бастап Алматы -1, Алматы-2 және Қарағанды мен Өскемен теміржол вокзалдарында Ashyq жүйесі ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Вокзалға тек көк және жасыл түсті статусы бар жолаушылар мен шығарып салушы азаматтар өте алады. Ал жүйеде сары немесе қызыл түсті көрсеткен жолаушылар ғимаратқа кіре алмайды. Ashyq жүйесі бұған дейін қалада бірқатар нысандарға енгізілген, оның жұмысымен тұрғындар жақсы таныс. Вокзалға кірерде кез келген азамат ашық қосымшасын пайдаланып немесе вокзал қызметкеріне жеке сәйкестендіру номерін көрсетсе жеткілікті. Ал шетел азаматтары төлқұжат номері арқылы статусын анықтай алады. Сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі балалар тексеруден өтуге міндетті емес. Кіруге тыйым салынған түстерге сәйкес келген жолаушылар пойызға отырығызылмайды. Билетті өткізу үшін railways.kz сайтында көрсетілген телефон номеріне тиісті құжаттарды жіберу керек.