Орал-Ақтөбе ақылы жолын жеңіл көлік иелері тегін пайдаланады. Мамандар автожолда пилоттық режимде жұмыс істейтін 3 бақылау аркасы мен клиенттермен жұмыс жүргізу орталығы орнатылғанын хабарлады. Аркаларда орнатылған камералар ақылы учаске бойынша автомобильдердің жүруін, олардың қозғалу жылдамдығы мен қарқындылығын, жолдағы жағдайды және т. б. тіркейтін болады. Сонымен қатар, жолда төлем бекеттері болмайды, оның орнына «ашық» төлем жүйесі қолданылады. Жол бойында артық кедергілер қойылмағандықтан кептелістер болмайды. Бұл қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және сапар уақытын қысқартады. Жол жүру ақысы тек коммерциялық жүк көлігінен ғана алынатын болады. Жиналған қаражат жолдың өзін-өзі қаржыландыруын ғана емес, сонымен қатар жолдағы қауіпсіздіктің жоғары деңгейін ұстап тұратын сервис қызметін де қамтамасыз етеді.