Бұл іс министр Марат Ахметжановтың бақылауында. “Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігіне сәйкес іс қозғалды. Онда 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған”, – деді ІІМ өкілдері. “Куәгерлердің айтуынша, кісі өлтіруге басты себеп – жалақының төленбеуі”, – деді БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер. Еске салайық, жергілікті кәсіпкер Еркін Мұханғалиевтің мәйіті стадион тұрағынан табылды. Күдіктілердің жеке басы анықталды. Олар 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді. Желіде видео пайда болды. Онда оралдық кәсіпкермен сөйлесіп жатқан жігіттердің бірі кенеттен кәсіпкердің мойын тұсына пышақ сұғып алады. Содан кейін ол тағы бірнеше рет ұрады. Жарақат алған Мұханғалиев терезеден шығып үлгереді, бірақ олар оны қуып жетіп, көшеде тағы 15 рет пышақтаған. Кәсіпкер жедел жәрдем келгенше қайтыс болды.