Пара берді деп айыпталған Илья Ильиннің ағасы сотталды

Ауыр атлетикадан бірнеше дүркін әлем және Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің ағасы Алексей Ильин ірі көлемде пара ұсынды деп сотталды. Параның сомасы 6,5 миллион теңге. Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Алексей Ильин пара берді деп айыпталып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қызылорда облысында спорт саласындағы шенеуніктердің жауапқа тартылғанын хабарлады. Оның ішінде бірнеше дүркін әлем чемпионы болған Илья Ильиннің туған ағасы да бар. Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Оспановқа 5 миллион теңге айыппұл салынса, қалған 5 директорға 10 миллионнан 20 миллион теңгеге дейін әртүрлі айыппұлдарға кесілді. Сондай-ақ олар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылады.