Бүгін сенаторлар ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық туралы заңның жобасын бір ауыздан қолдады, деп хабарлайды «Хабар 24». Келер жылы жазасын өтеп жатқан мың адам бостандыққа шығады. Тағы мың екі жүз сотталған азаматтардың түрмеде отыру мерзімі қысқартылмақ. Пробацияда тұрған 11 мыңнан астам азаматқа да рақымшылық жасалып, 4 мыңға жуығы бақылаудың бұл түрінен босатылады. Қабылданған құжатқа сәйкес, үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бұл адамдарға әлеуметтік жәрдем көрсетеді. Ішкі істер министрінің хабарлауынша, заң күшіне енген бетте 5 мың қылмыстық іс тоқтатылады. Айта кетерлігі, террористік және экстремистік әрекетке барғандарға рақымшылық жасалмайды.