Полицияға бағынбағандар да қатаң жазаланады. Путин сондай заңға қол қойды. Құжат сәрсенбі күні ресми құқықтық порталда жарияланды. Заң жобасын 10 ақпанда мемлекеттік дума үшінші оқылымда қабылдаса, федерация кеңесі 17 ақпанда мақұлдады. Оған сәйкес, қоғамдық шара ұйымдастыру үшін қаржы жинап, бірақ өкілетті органға ол ақшаның қалай жұмсалатыны жайлы есеп бермеген азаматтарға 10-20 мың рубль көлемінде (лауазымды тұлғаларға – 20-40 мың рубль, заңдық тұлғаларға 70-200 мың рубль аралығында) айыппұл салынады. Акцияны қаржыландыруға құқығы жоқ адамның ақша аударуы да 10-15 мың рубльдік айыппұлмен жазаланады. Бұл заң құқық қорғау қызметкерлеріне бағынбағаны үшін салынатын айыппұл көлемін де ұлғайтты. Полиция, әскери қызметкер, қылмыстық-атқару жүйесі комитеті, Росгвардия өкілдерінің талабына бағынбаған немесе олардың жұмысына кедергі келтіргендерге 2-4 мың рубль көлемінде айыппұл салынады немесе 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алынады не 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеледі. Бұрын оның көлемі 500 рубль болған.