Дәріні шығарушы Гамалея атындағы орталық Ресей денсаулық сақтау министрлігіне коронавирусқа қарсы “Спутник V” екпесін 12 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге егуге рұқсат беру туралы өтініш берді. Бұл туралы ведомство өкілі “Интерфакс” агенттігіне хабарлады. Шілдеден бастап Мәскеуде жаөспірімдер қатысқан клиникалық сынақ жүргізілген. Оның нәтижесі әлі жарияланбады. “Спутник V” – Ресейде тіркелген төрт вакцинаның ішінде жиі қолданылатын екпе. Қазір ол 18 жастан бастап ересектерге егіліп жатыр. Көптеген елде 12 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдерге америкалық Pfizer вакцинасы салынып жатыр. Жуырда Pfizer’ді бес жастан бастап балаларға егу сынағының сәтті аяқталғаны хабарланған. Бұған дейін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі қазан айында Pfizer вакцинасын жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге сала бастайтынын мәлімдеген.