Із-түзсіз жоғалып кеткен 17 жастағы қыз Алматы маңынан өлі табылды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан. Алматы полициясының хабарлауынша, 27 мамырда қыздың анасы кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған. Алматы облысында тұратын 1992 және 2001 жылы туған екі ер адам күдікті деп танылды. Бойжеткен олармен жоғалған күні көшеде танысқан. “Күдіктілер кісі өлтіргенін мойындап, оның денесі жерленген жерді – Қапшағай су қоймасына жақын маңды көрсеткен. Қылмыстың ізін жасыру мақсатында қыздың денесін өртеп жіберген. Сот-медициналық сараптама тағайындады”, – деді Алматы полиция департаменті. Аталған қылмысты одан әрі тергеуді аумақтық принципке сәйкес Алматы облысы бойынша полиция басқармасы жүргізеді.