СҚО-да «Sincere Systems Group» қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

СҚО-да «Sincere Systems Group» қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаментінің мәліметінше, аталған ұйым 2022–2023 жылдар аралығында жұмыс істеген. Қазіргі таңда мекеменің құрылымдық бөлімшесін құру мен басқаруға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Компанияның Қазақстанда тіркелмегені және ешқандай лицензиясыз әрекет еткені анықталды. «Sincere Systems Group» өзін Ұлыбританиялық инвестициялық қор ретінде көрсетіп, азаматтарға «Forex Market» нарығында инвестиция салуға ұсыныс жасаған. Салымның ең төменгі мөлшері – 100 АҚШ доллары. СҚО аумағында осы пирамидаға қаржы салған төрт салымшы анықталды. Жалпы келтірілген шығын көлемі – 14 млн теңгеге жуық. Зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығын толығымен өтелді. Сіз де осы қаржы пирамидасынан зардап шексеңіз, департаментке ресми өтінішпен жүгінсеңіз болады.