Елдегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде өзекті мәселелер мен кемшіліктер бар. Бұл азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген екі бірдей аудит негізінде анықталды. Олқылықтар ғылым мен өндірістен бастап, нормативтік реттеу мен халыққа дәрі-дәрмек беруді ұйымдастыруға дейін кездеседі. Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазақстанның фармацевтика нарығының көлемі былтыр 1,2 трлн теңгеге жетсе, оның 84%-ы – шетелдік өнім. 2022-2024 жылдары медицина ғылымын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалған. Алайда биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық базалар тізілімі әлі жасалмаған.