Алматы облысы Сарқан қаласының қоқыс полигонынан 5 жасар қыздың мәйіті табылды. Полиция баланың анасын анықтады. Алматы облысы полиция департаментінің хабарлауынша, олар бала мен анасының кім екенін анықтаған. 19 жастағы келіншек Сарқан қаласында тұрады. 2017 жылы ол қыз баланы дүниеге әкелген. “Анасының сөзінше, бала церебральды сал ауруымен ауырған. Осы жылдың ақпан айында қатты ауырып, көз жұмған. Осыдан кейін ол 21 жастағы ағасымен бірге қызды қаланың шетіне көмбек болған”, – дейді Алматы облысы полиция департаментінің орынбасары Елдар Әбдікенов. Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Екі күдікті де тергеуге алынды. “Қазір тиісті сараптамалар тағайындалды. Іс ерекше бақылауға алынды”, – дейді облыстық полициядағылар. Қоқыстан табылған бала туралы және оның басы денесінен бес метр жерде жатқанын Экспресс К бұған дейін жазған.