Шығыс Қазақстан облысында сегіз компания коммуналдық тарифтерді көтеруге өтініш берді. Олар қызмет ақысын 4 пайыздан 30 пайызға дейін қымбаттатпақ. Осыған орай жергілікті жылу энергетика орталығы, жылу желілері және су арналарының мамандары, алдағы жылға арналған міндеттермен, жоспарлар жайында мәлімдеді. Қазір бұл мәселе қоғам өкілдерімен талқыланып жатыр. Жаңа тарифтен түскен қаржы қалалық жылу электр орталығындағы төрт қазандықты толық жөндеуге жұмсалады. Бұл мақсатқа 1 миллиард теңге қажет. Өскемен су арнасы да осындай механизм арқылы жыл сайын 30 шақырымға дейін жүйені жаңартпақ. Себебі құбырларды пайдалану мерзімі 40 жылдан асқан. Жылу желілері де дәл солай. Жаңа тариф бекітілсе, энергетика саласында еңбек ететін, сегіз мың қызметкердің жалақысы да көтеріледі.