Тәліптер Ауғанстан Ислам Әмірлігін құрады. Бұл туралы Кабулды жаулап алған “Талибан” радикал қозғалысының өкілі айтты. 1996-2001 жылдары Ауғанстан аумағы тәліптердің бақылауында болған кезде мемлекет Ауғанстан Ислам Әмірлігі деп аталған еді. Сол кезде өзін әмірлік деп жариялаған мемлекетті Пәкістан, Сауд Арабиясы мен Түрікменстан секілді аз ғана ел мойындаған. Билікке келгеннен кейін тәліптер өз аумағында қатаң ережелер ұстанды. Мысалы, қыздарға мектепке баруға тыйым салынды, ал әйелдерге үйден тыс жерде жұмыс істеуге немесе бүкіл денесін жабатын киімсіз және ер адамсыз көпшілік алдында көрінуге болмайтын. Тәртіп бұзушылар көпшілік алдында ұрып-соғылды немесе өлім жазасына кесілді. Еске салайық, 15 тамызда “Талибан” террористік қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) Ауғанстанның бүкіл аумағын бақылауға алғанын жариялаған болатын.