Рихтер шкаласы бойынша оның магнитудасы 5,9 балға тең болды. Жерасты дүмпулерінің эпицентрі – Түркияның солтүстік-батысындағы Дюздже қаласы. Бұл аймақ Анкарадан батысқа қарай 240 км және Ыстанбұлдан шығысқа қарай 228 км жерде орналасқан. Жер сілкінісі Анкара мен Ыстанбұлда, сондай-ақ елдің бірнеше қаласында қатты сезілді. Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасы (AFAD) хабарлағандай, 18 афтершок тіркелген, ал жерасты дүмпулері 6,5 км тереңдікте орналасқан. Аймақта тексеріс жүргізіледі. Дюздже қаласының мэрі Фарук Озлуның мәліметінше, алдын ала ақпарат бойынша жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер жоқ. «Жойқын жер сілкінісінен тұрғындар көшелерге қашып шықты. Қазір барлық жерде электр қуаты өшіп қалды. Жер сілкінісінің басқа да салдарлары анықталып жатыр», – деп қосты Ф.Озлу. Алайда Түркия денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жер сілкінісі салдарынан 22 адам зардап шеккен. Биіктен секіріп кеткен бір науқастың жағдайы ауыр.