Түркістан облысының Кентау қаласында жүргізуші 6 жасар баланы жолда қаққан жүргізуші оқиға орнынан қашып кетті. Бала алған жарақаттарынан есін жимастан қайтыс болды. Қайғылы жағдай туралы Түркістан облысының полиция бөлімі өзінің Instagram-дағы ресми парағында хабарлады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, дәрігерлер Кентау ҚПБ-не қалалық орталық ауруханасынан қоңырау шалған. Олар жол көлік оқиғасы салдарынан түрлі дене жарақаттарымен емханаға түскен баланың көз жұмғанын мәлімдейді. Ақпарат алысымен полицейлер оқиға орнына бірден жол тартып, мән-жайын анықтап тексеруге кірісті. Оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстау үшін полицейлер бірқатар іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде күдікті көп ұзамай қамауға алынды. Ол өзінің тұрғылықты жерінен Кентауға іргелес ауылдардың бірінде ұсталған.