Алматыда полицей қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 27 мың доллар пара алған

Қазақстан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі алматылық полицейге шыққан сот үкімін хабарлады. Тергеушіге 27 мың доллар сомасында пара алды деген айып тағылған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік департаменті бастығы Нұрлан Жақсымбетовтің хабарлауынша, Алматы қаласы Медеу аудандық соты қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 26800 доллар пара алған ПБ тергеушісін кінәлі деп таныған. Тәртіп сақшысы Call-орталыққа хабарласқан азаматтың арызынан кейін ұсталған. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте тағы бір жемқорлық іске қатысты үкімді жариялады. Жер учаскелерін заңсыз сатқаны үшін “Көкшетау ” мемлекеттік табиғи ұлттық паркі” филиалының директоры сотталды. Оған 23,4 млн теңге айыппұл салынды және өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Сол бап бойынша ұлттық парктің қорықшысы 3 жылға бас бостандығынан шектелді.