Мемлекет басшысы полиция қызметкерлерін жан-жақты әлеуметтік қолдау негізгі міндеттердің бірі екенін айтты. Президент тәртіп сақшыларына баспана жалдауға өтемақы ретінде 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетінін жеткізді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы мақсаттарға қосымша 10 миллиард теңге бөлінеді. Бұл шара аясында кезекші бөлімнің қызметкерлері, қарауыл қызметі, арнайы күзет ұйымдары, ведомстволық оқу мекемелері және қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері қамтылып, жалпы 8 мың адамға қолдау көрсетіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер саласы қызметкерлерінің еңбекақысы төмен екенін айтты. Бұл – көптен бері қордаланған мәселелерді бірі. Осыған орай ол Үкіметке 3 жылдың ішінде тәртіп сақшыларының еңбекақысын 30 процентке көтеру туралы тапсырма берді. Президент барлық мемлекеттік басқару жүйесіне үлкен сынақ болған COVID-19 пандемиясы кезінде полиция қызметкерлерінің ерекше еңбегін атап өтті.