Теңіз кен орнында жұмысшылар наразылық акциясын ұйымдастырды. Олар созылып кеткен карантинге наразы. Бұл туралы Sputnik порталы хабарлайды.
Компания қызметкерлерінің талабы отбасыларымен қауышу үшін үйлеріне жіберу. Желіде жұмысшылар мен “Теңізшевройл” компаниясы өкілінің видеосы тарады. Кадрда қызметкерлердің бірі: “Сараптама жасалғанына 20 күн өтсе де, қорытындысы әлі жоқ. Неге тек жұмысшылар ауырады, неге басшылық ауырмайды?” деп жанайқайын жеткізді.
Сонымен қатар жұмысшы адамдар тамақтан бас тартатынын айтқан. Оқиғаға қатысты өңірлік шұғыл штаб түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, вахталық елді мекенде екі компанияның қызметкерлері тұрады. “30-ға жуық жұмысшы коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғандар ретінде тест тапсырды. 14 күн карантинде болды. Сынама екінші рет алынды.
Алайда оның нәтижесі біраз кешіктірілді. Бұл мәселе шешіледі” деді шұғыл штабта. Еске сала кетсек, Атыраудағы “Теңіз” кен орнында және Қарағанды облысындағы “Нұрқазғанда” қызметкерлер жаппай Covid жұқтырған деген ақпарат тараған болатын. 29 мамырда Екібастұздағы “Восточный” компаниясында да коронавирус анықталды.