Қазақстан Ауғанстандағы қазақ диаспорасын елге қайтару мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы 8 қыркүйекте жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілердің сенім грамоталарын тапсыру рәсімі кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. – Біз Ауғанстандағы қазақ диаспорасының мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз. Гуманитарлық ұстанымдарға сәйкес ауғанстандық 57 студенттің білім беру визаларын ұзарттық. Сонымен қатар бортында шетел азаматтары бар ұшақтарға жанармай құю үшін транзиттік әуе дәліздері мен қону алаңдарын ұсындық. БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі агенттіктерінің қашықтағы уақытша кеңсесі Алматы қаласына орналастырылды, – деді Тоқаев.