Қорғалжын тас жолының бойындағы өртке от жаққан адамдар кінәлі болуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24». Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жүрігізіп жатқан тергеудің алдын ала қорытындыларын мәлімдеді. Сол себепті мамандар ел азаматтарына қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігін ескертіп отыр. Естеріңізге салайық, кеше түскі сағат үште Талдыкөл маңында қамыс өртене бастады. Өрттің аумағы шамамен алты жарым гектар жерді құрады. «Астана орманы» кәсіпорнының мамандары бұл аумақта жерді жыртып, өртті ауыздамақ болды. Сондай-ақ оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 122 қызметкері мен 30 техника жұмылдырылды. Ал бүгін таңғы сағат 8-де «Қазавиақұтқару» компаниясы осында Ми 8 тікұшағын жіберді. Жақын маңдағы көл терең болмағандықтан, тікұшақ Үркер шағын ауданындағы қоймаға барып, суды сол жақтан әкелуге мәжбүр.