Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, апатқа ұшыраған Ми-8АМТ тікұшағы 2022 жылы Ресейде шығарылған. Ол «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамына тиесілі. ТЖМ мәліметінше, борт сақтандырылған, 2023 жылдың 17 қаңтарында тікұшақ Атырау қаласында мерзімді техникалық қызмет көрсетуден өткен. Әуе кемесін алғашқы күрделі жөндеу 2030 жылға белгіленген еді. «Тікұшақ пайдаланылған сәттен бастап ұшуға әсер ететін ақаулар мен ескертулер болған жоқ», – деді ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов брифингте. Сондай-ақ ол Қазақстанда Ми-8 тікұшағының апатқа ұшырауы бірінші рет емес екенін хабарлады. 2008 жылғы 28 ақпанда Қызылорда облысындағы Жалағаш кентінде Ми-8 тікұшағының апаты болды. Әуе кемесінің ортында 3 экипаж мүшесі мен 15 жолаушы болған. 2 экипаж мүшесі мен 3 жолаушы қаза тапты.