Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кету туралы шешім қабылдады, – деп хабарлайды ел президентінің сайты.
“(…) Мен билікті ұстамаймын. Қырғызстан тарихында өз азаматтарын атқан, қан төккен президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан отставкаға кету туралы шешім қабылдадым.
Жапаров пен басқа да саясаткерлерді өз жақтастарын ел астанасынан шығарып, Бішкек тұрғындарына бейбіт өмірді қайтаруға шақырамын. (…) “, – делінген Жээнбековтің үндеуінде.
Айта кетейік, 5 қазанда парламенттік сайлаудың нәтижелеріне наразылық білдірген азаматтар митинг өткізіп, “Ақ үй” мен ұлттық қауіпсіздік комитетін басып алды. Нәтижесінде елде дүрбелең туып, 9 қазанда Жээнбеков елді құқықтық даму жолына түскеннен кейін отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген.
Сооронбай Жээнбеков 2017 жылдың 15 қазанында президент болып сайланып, 24 қарашада қызметіне кірісті. Ол 54,76 пайыз дауысқа ие болды.