Қызылорда облысында тұрақтандыру қорындағы өнімдер бұзылып кеткен

Былтыр Қызылорда облысында тұрақтандыру қорындағы 200 тоннадан астам пияз, 44 тонна сәбіз бен 6 тонна қырыққабат тұтынуға жарамсыз болып қалған. Себебі сақтау талаптары өрескел бұзылған, деп хабарлайды «Хабар 24». Сөйтіп әлеуметтік маңызы бар агроөнімдер дүкен сөресіне дейін жетпеген. Одан бөлек, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының азық-түлік тауарларын нарық бағамынан жоғары бағада сатып алғаны әшкереленді. Карантин кезінде картоп пен сәбіз 39 миллион теңге қымбат алыныпты. Тиімсіз жобаларды қаржыландырған «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бизнесті дамытуға бағыттаған 3 миллиард теңгесін қайтара алмай отыр. Бұл бағытта несие төлеуші кәсіпкерлерге қатысты 150 іс сотқа жолданды. Жалпы тұрақтандыру қорының соңғы 3 жылдық қызметіне талдау жүргізген жұмысшы топ мекеме басшылығының бос лауазымдарға мамандарды іріктеу тәртібін де дұрыс ұйымдастырмағанын анықтады.